Елордада әйел ұстаздарға арналған мерекелік кеш өтті
Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Таным» оқушылар шығармашылық сарайында ұстаздарға арналған «Әйел бақыты – әлем бақыты» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шараның басты мақсаты – білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды құрметтеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Мерекелік кешті Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзбен ашты.
«Сіздердің білім жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Жауапкершілігі үлкен жұмысты абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Таңнан кешке дейін талмай еңбек ететін сіздер уақыт жетіспейтін кездерге қарамастан отбасыларыңызды назардан тыс қалдырмаған жансыздар. Осы орайда сіздерге және отбасыларыңызға бақыт тілеймін, жақын жандарыңыз аман болсын, көктемнің шуақты күніндей көңілдеріңіз әрқашан шуақты болсын», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Шара барысында бірқатар ұстаздар «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Майра Құрманбаева ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегі бағаланғанына қуанатынын жеткізді.
«Бүгін ұстаздарымыз лайықты марапаттарына ие болып жатыр. Өзім «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болдым. Яғни, менің көп жылғы еңбегім бағаланып, марапатымды алдым. Өте қуаныштымын. Қазіргі таңда білім саласындағы басшылықта болсын, ұстаздықта болсын көп әйел адам жұмыс істейді. Педагогтердің 80 пайызға жуығы әйелдер десек қателеспейміз. Бұл ретте барлық ұстаз әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, оларға әйел бақытын, отбасы шаттығын тілеймін», - деді Майра Құрманбаева.

Астана қаласы №104 мектеп директоры Нұртас Жағабаевтың айтуынша, бүгінгі шара білім беру саласында еңбек етіп жүрген әйел ұстаздарды, әйел басшыларды құттықтау үшін арнайы ұйымдастырылып отыр.
«Мұнда біздің еңбек ардагерлері және үлкен жетістіктерге жетіп жүрген әріптестеріміз марапатталып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі, Білім басқармасы тарапынан марапатталып жатқан ұстаздарымыз үшін шын жүректен қуаныштымыз», – деді ол.
Астана қаласы әкімдігі Райымбек батыр атындағы №53 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуанышкүл Дүйсенова бүгін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
«Бұл менің ғана емес, өзім еңбек ететін «Қазғарыш» мектеп ұжымының да еңбегі деп білемін. Бұл менің 38 жылдық еңбек жолымдағы алғашқы төсбелгім. Өте қуаныштымын, күтпеген тосын сый болды. Мен негізі ұстаздар әулетінен шыққан адаммын. Сондықтан маған ұстаздық жолдың жауапкершілігі зор. Бұл менің мамандыққа деген махаббатымды, балаларға деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі деген ойдамын», - деді Қуанышкүл Дүйсенова.

Мерекелік кеш барысында қазақ әншілері Зарина Омарова, Есенжан Ерболатұлы, «Дәстүр» тобы, Нұрболат Сейітмұратов, Оралхан Алтынбек, Әлішер Қарабай, Ернұр Сұлтан, Елемес Ерболаттар ән шырқады. Шара соңында №38, 112, 43 мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының азаматтары «Ана туралы» жырды хормен айтты.

