Елордада абитуриенттерді алдаған адам бас бостандығынан айырылды

Елордада абитуриенттерді алдаған адам бас бостандығынан айырылды
Фото: magnific.com/ЖИ

Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінің қызметкері университетке оқуға түсуге «жәрдемдесу» сылтауымен қылмыстық схема ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.

Жалған мөрлер мен жалған құжаттарды пайдалану арқылы ол 18 талапкердің сеніміне кіріп, оларды белгіленген қабылдау тәртібінен тыс жоғары оқу орнына оқуға түсіруге ықпал етемін деп алдап, әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақша алған. 

Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған мөр дайындағанын толық дәлелдеді. Сот үкімімен кінәлі адам 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді. Айыпталушы барлық материалдық шығынды өтеді. 

Прокуратура азаматтарға қырағылық танытып, оқу орындарына түсу мәселесі бойынша тек ресми ақпарат көзіне жүгінуді ұсынады.