Сотталушы керме төбе орнату, жиһаз жасау үшін келісім жасап алдын ала төлем алған соң байланысты үзген, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда прокуратурасына сілтеме жасап.
Ол керме төбе орнату, жиһаз жасау жөнінде Instagram-ға хабарландыру жариялаған. Тұрғындармен келісімшарт жасаған соң, алдын ала төлемді қолма-қол ақшемен не онлайн аударым арқылы алып, содан кейін уәдесін орындамаған.
Оның кінәсі сотта толық дәлелденді. Сот үкімімен оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал, жәбірленушілердің материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Астана қаласының прокуратурасы әлеуметтік желідегі тауар мен қызметке тапсырыс беру кезінде сақ болуға шақырады. Алдын ала төлемді бермес бұрын орындаушы туралы ақпаратты тексеру, оған қатысты пікірлерді зерттеу, нақты байланыс деректерінің бар екеніне көз жеткізу және сатушының немесе орындаушының адалдығы расталмай көп соманы аудармау ұсынылады.
Еске салсақ, елорда полицейлері халықаралық іздеуде жүрген ер адамды Шымкентте ұстады. Күдікті 4 млрд теңге алаяқтық ісіне қатысы болғаны үшін іздеу жарияланған.