Елімізде соңғы үш жылда жол апатынан болатын өлім деңгейі азайған
Елімізде жол апатының саны 127,5%-ға өсіп, зардап шеккендер саны 2,5 есеге артқанымен, соңғы үш жылда жол апаты салдарынан болатын өлім деңгейі 8,4%-ға төмендеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының басшысы Олжас Бекарысов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жарақаттанушылық пен жол-көлік жарақаттануын төмендету мәселелері жөніндегі кеңесте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова профилактикалық іс-шараларды үйлестіру үшін мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, соңғы он жылдың ішінде жарақаттардан, уланулардан және жазатайым оқиғалардан болатын өлім көрсеткіші екі есеге жуық төмендеп, халықтың 100 мың адамына шаққанда 82 жағдайдан 47,2 жағдайға дейін қысқарған.
Оң динамика биыл да сақталуда: 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша көрсеткіш 38,7-ні құрады. Сонымен қатар, жол-көлік жарақаттануы сыртқы әсерлерден болатын өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Соңғы үш жыл ішінде тіркелген жол апаттарының саны 15,8 мыңнан 36,1 мың жағдайға дейін өскен, ал зардап шеккендердің саны 19,5 мыңнан 49,2 мың адамға дейін артқан. Бұл ретте қаза тапқандар саны 2 543 адамнан 2 330 адамға дейін азайып отыр.
Олжас Бекарысовтың айтуынша, жол апаттарының көбеюіне әсер ететін факторлардың қатарында профилактикалық жұмыстың жүйелі жүргізілмеуі, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетінің төмендігі және мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет.
Кеңеске қатысушылар ауруханаға дейінгі кезеңдегі өлімнің жоғары деңгейіне ерекше назар аударды. Бұл көрсеткішті төмендету үшін жедел медициналық жәрдем бригадаларының жету уақытын қысқарту, медициналық ұйымдардың дайындығын арттыру және автомобиль жолдарында шұғыл көмек көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет. Осы міндеттерді шешу мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған жол-көлік жарақаттарының теріс салдарын төмендету бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспары іске асуда.
Еске салсақ, «Астана – Қорғалжын» тасжолындағы жол апатынан бес адам қаза тапты.