Елімізде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр
Еліміздің энергонысандарында 2 энергоблок, 26 қазандық және 16 турбина жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитетінде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына энергетикалық кешен мен инфрақұрылымды дайындау мәселелері бойынша Республикалық штабтың кезекті отырысында Комитет төрағасы Ержан Ертаев алдағы жылыту маусымынан сенімді өтуді қамтамасыз ету саланың басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Басты міндет – алдағы күзгі-қысқы кезеңде халықты жылумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ол үшін барлық жөндеу жұмыстары сапалы, толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Әрбір кәсіпорын басшысы нәтижеге жеке жауапты», – деді Ержан Ертаев.
Отырыс барысында электр станцияларындағы жөндеу науқанының орындалуы, жылу және электр желілерінің дайындығы, Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысы, отын қорларын жинақтау, өңірлерді газбен қамтамасыз ету және көмір тасымалын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Барлық өңірлерде ауқымды жөндеу науқаны бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Бүгінгі таңда электр станцияларында негізгі жабдықтардың 16 бірлігіне – 2 энергоблокқа, 10 қазандыққа және 4 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта 2 энергоблокта, 26 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Электр желілерінде шамамен 4,8 мың шақырым электр беру желісі, 107 қосалқы станция және 1065 тарату пункті жөнделді. Бұл жылдық жоспардың бір бөлігі болып табылады. Жыл соңына дейін 17 098 шақырым электр желісін, 444 қосалқы станцияны және 3408 тарату пунктін жөндеу көзделген.
Жылу желілері бойынша қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге жоспарланған 377 шақырымның 213 шақырымында жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 52 шақырымы толық аяқталды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 17,6 шақырым жылу желісі жөнделгені туралы жаздық.