Қазақстанда алғаш рет қалалар мен ауылдардың аумағында қолданылатын көктайғаққа қарсы материалдарға арналған ұлттық стандарт әзірленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа стандартты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) дайындаған. Бұған дейін елде тек ГОСТ 33387-2015 стандарты қолданылып келген, алайда ол жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына ғана арналған болатын.
«Бұл құжат қалалық көшелердің, тротуарлардың, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің ерекшеліктерін ескермеген», – деп атап өтті ҚазжолҒЗИ мамандары.
Сарапшылардың айтуынша, ескі стандарт бойынша қолданылған реагенттер кейде тротуар жабындарын бүлдіріп, жарақат алу қаупін арттырған және адамдар мен үй жануарларының денсаулығына кері әсер еткен.