Елімізде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған

Елімізде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынды. Құжат 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтиды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жоспар аясында «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бекітіледі. Оны жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану жоспарланған. 

«Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінетін болады. Жұмыстар сапасын бақылау қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ТКШ-ны жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету көзделген», - деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын кеңейту жоспарланды. 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беріледі. Тағы бір жоба – Астанада жаңа әуежай салу. Жұмысты келесі жылдың маусым айында бастау көзделген. 

2027 жылдың соңына дейін «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын аяқталуы тиіс.

Автомобиль көлігі саласында заманауи жол бойы инфрақұрылымын жетілдіре отырып, «Арал – Каспий« және «Көкшетау – Петропавл» трассаларын, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу және реконструкциялау жалғасады. Соңғы кезең барлық автомобиль өткізу пунктін толық реконструкциялау, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйесін енгізе отырып, жүк тасымалын электрондық құжаттарға ауыстыру болмақ.

Еске сала кетсек, Президент Жолдауында мемлекеттік қолдаудың ең алдымен көмекке шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.