Бүгін еліміздің дамуындағы жаңа кезең басталады - Асхат Аймағамбетов
VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде бүгін күшіне енген жаңа Конституция туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ондаған жылдар бойы еліміздің байлығы жер қойнауындағы қазбалармен өлшенді. Бүгіннен бастап жаңа Конституция ұлттық байлықтың жаңа өлшемін айқындайды: Қазақстанның басты байлығы – Адам.
Баршаңызды Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін еліміздің дамуындағы жаңа кезең басталады.
Көптеген Конституциялар қоғамның қалыптасқан болмысын, қалыптасқан жағдайды құқықтық тұрғыдан бекітеді. Олар негізінен «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап береді.
Ал біздің жаңа Конституциямыздың табиғаты өзгеше. Бұл – жаңғыртушы Конституция. Ол бүгінгі жағдайды ғана сипаттамайды, ең алдымен еліміздің даму бағытын айқындап, «біз кімбіз?» деген сұрақпен қатар «біз кім боламыз?» деген сұраққа жауап береді.
Сондықтан бұл – болашақтың Конституциясы», - деді ол.
Спикер жаңа Конституциядағы ең үлкен өзгеріс – оның философиясында екенін айтады. Яғни, оның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары, бостандықтары мен мүмкіндіктері тұр.
«Кез келген табиғи ресурстың шегі бар: неғұрлым көп өндірсең, соғұрлым азая береді.
Ал білімнің табиғаты мүлде бөлек.
Білімді қаншалықты көп өндіріп, таратып және қолдансақ, ол соншалықты көбейе түседі.
Сондықтан жаңа Конституция алғаш рет табиғи байлыққа емес, адами капиталға – білімге, ғылымға, мәдениетке, технологияға және үздіксіз білім алуға басымдық береді.
Өмірімнің едәуір бөлігін білім беру саласына арнаған адам ретінде бұл таңдаудың мәнін ерекше сезінемін.
Елдің болашағы кен орындарында қалыптаспайды. Ол мектеп сыныбында, университет аудиториясында және ғылыми зертханаларда қалыптасады. Нағыз ұлттық байлық дәл сол жерде дүниеге келеді.
Бұл - Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтің стратегиялық бағдары, жүйелі түрде енгізіп келе жатқан саясаты, - деді спикер.
Асхат Аймағамбетов жаңа Конституциядағы тағы бір маңызды ойға тоқталды. Бұл – өткенге деген көзқарас. Оның айтуынша, өткеніміз – біздің тірегіміз, тарихи жадымыз және ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бірақ өткенмен ғана өмір сүруге болмайды.
«Ұлт өткенін құрметтеп қана қоймай, болашағын бірге құра бастағанда ғана кемелденеді. Ортақ болашаққа деген сенім, ортақ құндылықтар және ортақ жауапкершілік – нағыз бірліктің негізі.
Кез келген тарихи сын-қатерге берілетін ең дұрыс жауап – мықты мектептер, заманауи университеттер, дамыған ғылым, инновациялар және әлемнің кез келген елінде бәсекеге қабілетті болатын жастар.
Бүгін Қазақстан Ата Заңда бекітілген тарихи мүмкіндікті иеленді. Мұндай мүмкіндіктер тарихта жиі беріле бермейді.
Енді осы мүмкіндікті пайдалану немесе жіберіп алу – әрқайсымызға байланысты. Ең бастысы – жасампаз еңбек, сапалы білім және нақты іс. Сонда ғана Конституцияда жазылған идеялар күнделікті өмірдің шынайы құндылығына айналады», - деп жазды А.Аймағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай қазақстандықтарға үндеу жасағаны туралы жаздық.