Референдум-2026

Бес айда Астанаға 833,5 млрд теңге инвестиция тартылды

Бес айда Астанаға 833,5 млрд теңге инвестиция тартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Астанаға негізгі капиталға 833,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, тартылған инвестицияның 591 млрд теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі.

Нәтижесінде елорда инвестиция тарту көлемі бойынша Қазақстан өңірлері арасында екінші орынға көтерілді.

Басқарма мамандарының пікірінше, жеке инвестициялар көлемінің жоғары болуы кәсіпкерлер мен инвесторлардың қала экономикасына деген сенімінің сақталғанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалып жатқанын аңғартады.

Инвестиция көлемінің артуына мемлекеттік қолдау шаралары да ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда инвесторларға арнайы экономикалық аймаққа қатысу, инвестициялық келісімшарт жасау және «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу қызметтері ұсынылады. Бұл тетіктер инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін қысқартып, олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін биыл Астанада 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын жазған болатынбыз.