Астаналық жас гимнасттар Азия додасында жарқын жеңіске қол жеткізді
Батуттық гимнастикадан Азия чемпионатында тарихи нәтиже көрсеткен елордалық спортшылар Астанаға оралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жеңімпаздарды Назарбаев халықаралық әуежайында жақындары, жанкүйерлер мен спорт саласының өкілдері ерекше ықыласпен қарсы алды.

Гонконгта өткен құрлықтық додада астаналық гимнасттар Қазақстан тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді. Себебі, Азия чемпионаты тарихында алғаш рет Астана спортшылары батуттағы жеке секіру бағдарламасында алтын және күміс медальдарға ие болды.
17–21 жас санатында өнер көрсеткен Евгения Чернышова 46,74 ұпай жинап, Азия чемпионы атанса, 15–16 жас санатында сынға түскен Варвара Шарапова 48,77 ұпаймен күміс медаль жеңіп алды.

Спортшылардың жаттықтырушысы, Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің бапкері Елдар Жеңісханов бұл жетістіктің елордалық гимнастика үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.
– Азия чемпионатына 10 елден 250-ге жуық спортшы қатысты. Евгения алтын, Варвара күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар тағы екі спортшымыз төртінші орынға тұрақтады. Бұл – Астана гимнастикасы үшін тарихи жетістік. Осындай деңгейдегі жарыстан алғаш рет медаль алып отырмыз. Алдағы мақсаттарымыз да үлкен, – деді жаттықтырушы.

Өз кезегінде Азия чемпионы Евгения Чернышова жарыс кезіндегі ең қиын сәті туралы айтты.
– Финал алдында қатты толқыдым. Дегенмен бар күшімді жинап, бағдарламамды сәтті орындадым. Чемпион атанғанымды білген сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – үлкен еңбек пен дайындықтың нәтижесі. Жаттықтырушыларым күн сайын қолдау көрсетіп, физикалық әрі психологиялық тұрғыда көмектесті. Алдағы жоспарым – әлем кубогының кезеңдеріне және Азия ойындарына қатысу, – деді спортшы.

Күміс жүлдегер Варвара Шарапова да жарыстағы бәсекенің өте жоғары болғанын жеткізді.
– Азия чемпионатында финалға шығудың өзі қиын болды. Бірақ тыңғылықты дайындықтың арқасында жақсы нәтиже көрсеттік. Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғау – үлкен жауапкершілік. Болашақтағы басты мақсатым – әлем чемпионатында жүлдеге ілігу және Олимпиада ойындарына қатысу, – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Астаналық спортшы Айбота Ертайқызы көркем гимнастикадан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жаздық.