Астаналық кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік танытты

Астаналық кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік танытты
Фото: Астана әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кәсіпкерлердің қатысуымен абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кезекті жұмыс Жеңіс көшесінде орналасқан грузин мейрамханасының маңында өтті. Кәсіпкер Исадин Азаматов нысанға іргелес аумаққа ағаш көшеттерін отырғызып, оның тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарауға дайын екенін айтты.

Акция барысында кәсіпкерге нысанға іргелес аумақты күтіп-ұстауға арналған маусымдық түбіртек-парақ табысталды. Онда аумақты уақтылы тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау және тазалық пен тәртіпті сақтау жөніндегі негізгі ұсынымдар көрсетілген.

«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында мейрамханамыздың айналасын абаттандырып, ағаш көшеттерін отырғызып жатырмыз. Қала әкімдігі тарапынан іргелес аумақты таза әрі көрікті ұстау жөнінде ұсынымдар берілді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Барша кәсіпкерді қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз», – деді Исадин Азаматов.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Шухрат Жораев кәсіпкерлердің қаланы абаттандыруға белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытып қана қоймай, қаланы абаттандыруға да белсенді атсалысуы маңызды. Күзгі ағаш отырғызу маусымы енді басталды. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясында іргелес аумақтарды көгалдандыру және кәсіпкерлерді экологиялық бастамаларға тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», – деді Шухрат Жораев.

Айта кетейік, мұндай бастамалар бизнес өкілдерінің қалалық ортаға деген жауапкершілігін арттырып, елорданың таза, жасыл әрі жайлы қала ретінде дамуына ықпал етеді.

Бұған дейін Астанадағы «Нұра» ауданында жаңа гүлзарлар мен демалыс орындары көбейіп келе жатқанын жаздық