Астанаға жылқы музейі қажет – Гумилев музейінің жетекшісі
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Гумилев музейінің жетекшісі, этнограф Сымбат Мүталапханқызы «Жылқы түлігі» кітабының таныстырылымында қазақ мәдениетіндегі жылқының орны мен арнайы жылқы музейін ашу қажеттігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, кітапта жылқыға қатысты тарихи, әдеби және мәдени деректер кең қамтылған.
«Жалпы, жылқы – кезінде батырлардың мінген аты. Оның бәрі жырға енген. Әсіресе, Сыр өңіріндегі жыраулар шығармашылығында бұл тақырып шет қалмаған. Қорқыт атаның қобызы да жылқы қылынан жасалған ең алғашқы аспаптардың бірі деуге болады. Скрипка мен виолончель сияқты аспаптардың эволюциясы қобыздан бастау алады», – деді Гумилев музейінің жетекшісі.
Сондай-ақ ол қазақ әдебиетіндегі жылқыға қатысты мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің тәрбиелік мәніне тоқталды.
«Қазіргі таңда жылқының тұяғынан тастұяқ аспабы да жасалып жүр. Музей саласының маманы ретінде айтарым, Астанаға жылқы музейі аса қажет. Қазақ мифологиясындағы Тайбурыл мен Керқұладан бастап, көне түркі дәуіріндегі жылқы мәдениеті мен қазақ музыкасындағы рөліне дейін қамтитын үлкен концептуалды музей кешені керек. Мұндай музейдің тұжырымдамасын жасауға «Жылқы түлігі» кітабы негіз бола алады. Бұл кітапты бірнеше мәрте оқып шықтым», – деді Сымбат Мүталапханқызы.

Бұған дейін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының таныстырылымы өткенін жазған едік.
Естеріңізге сала кетейік, Президент жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беру керектігін айтқан болатын.