Президент: Жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керек

Президент: Жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керек
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Президент Іс басқармасының атқорасына барып, әр жылдары сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.  

«Мамыр мерекесінде уақыт тауып, әр жылдары сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайттым.

Бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайды Ақжан деп атап едім. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені бүкіл болмыс-бітімінен байқалып тұрады.

Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтарымыздың қатарына бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға Ақниет деп ат қойдым. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Президент Іс басқармасының атқорасында жақында Қатар елінен сыйға келген арабы арғымақтар да бар.

 

«Арасында осында келіп, жылқыларға өз қолыммен жем беріп тұрамын.

Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп ерекше қадір тұтқан. Ел ішінде жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керек», - деді Президент.