Референдум-2026

Астанадағы «Жастар» саябағында Taza Qazaqstan экология күні өтті

Бүгін, 14:43
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанадағы «Жастар» саябағында Taza Qazaqstan экология күні өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы аясында елордадағы «Жастар» саябағында Taza Qazaqstan экология күні өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға түрлі буын өкілдері, белсенділер, мәслихат депутаттары, экологтер және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау, саябақтың санитариялық жағдайын жақсарту және тұрғындарды, әсіресе жастарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға белсенді тарту. Акция барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, жасыл аймақтарды ретке келтіріп, экологиялық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.

Эко-күнді өткізу үшін «Жастар» саябағын таңдаудың да себебі жоқ емес. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары күн сайын демалатын ең танымал қоғамдық орындардың бірі. Келушілер санының көп болуына байланысты мұндай аумақтар тұрақты күтім мен тазалықты сақтауды қажет етеді. Акцияның дәл осы жерде ұйымдастырылуының сыры – саябақтың қазіргі жағдайын жақсартып қана қоймай, көпшілік демалатын орындарда тазалықты сақтаудың маңыздылығына жұрт назарын аудару.

«Туған қалаға жанашырлық таныту – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. «Таза Қазақстан» акциясы белсенді жандардың басын қосады», – деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушылар.

Іс-шараға «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздарының қатысуы ерекше көрік берді. Олар үшін бұл жай ғана жазғы жұмыс емес, туған өлкені абаттандыруға өз үлесін қосудың нақты мүмкіндігі.

Жастар көгалдарды қоқыстан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіріп, ұйымшылдықтарын көрсетті. Оларға мәслихат депутаттары мен кәсіби экологтер де белсенді түрде қосылды. Олар мұндай бастамалардың экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сарапшылардың айтуынша, бұл акция қоршаған ортаға қамқорлық жасауды тұрақты дағдыға айналдыруға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыруға және осындай іс-шараларға қатысуды қала тұрғындарының игі дәстүріне айналдыруға мүмкіндік береді.

«Жастар» саябағындағы Taza Qazaqstan экология күні атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялаумен аяқталды: жиналған қоқыс жедел түрде шығарылып, саябақтың көгалды тұстары қайтадан таза әрі күтімді күйге келтірілді.
Қатысушылар туған қаланың тазалығы әр адамның өзінен басталатынын атап өтті.

Еске салсақ, Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұстаздар саябағы тазартылды.