Астанада Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «Нұрлы жол» вокзалының қызметкерлерімен кездесті

Астанада Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «Нұрлы жол» вокзалының қызметкерлерімен кездесті
Фото: Коалицияның баспасөз қызметі

Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалының қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдрасулов бар.

«Жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысының жасап жатқан реформаларының логикалық жалғасы деп ойлаймын. Ата заңда барлық азаматтың құқықтары қарапайым тілмен жазылған. Оны жазуға 130-дан астам сарапшы қатысты. Олардың қатарында депутаттар, заңгерлер, филологтар, журналистер және т. б. бар. Құжатта қоршаған ортаны қорғау, еңбек адамдарының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған. 15 наурызда өтетін референдумға отбасыларыңызбен бірге қатысуларыңызды сұраймыз», - деді Табиғат Зейнұлқабден.

«Нұрлы жол» вокзалы Астананы өзге қалалармен байланыстыратын пойыздардың 60 пайыздан астамын қабылдайды. Мұнда бүгінгі таңда 220 қызметкер жұмыс істейді.

«Жаңа Конституцияның преамбуласында Қазақстанның алда тұрған мақсаттары көрсетілген. Жаңа жобада адамның құқықтары қалай қорғалу керектігі жазылған. Мемлекет білімге, ғылымға, инновацияға көп көңіл бөліп жатыр. Жаңадан құрылатын Халық кеңесі, Құрылтай еліміздің ерекшелігін білдіреді», - деді профессор Ермек Әбдрасулов.

Кездесу соңында жалпыұлттық коалиция мүшелері «Нұрлы жол» вокзалының қызметкерлерін 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға шақырды.