Астанада перинаталдық орталық, травмпункт және емханалар салынады
Елорданың «Есіл» мен «Нұра» аудандарында екі емхананың, «Алматы» ауданында перинаталдық орталықтың, жаңа көпбейінді қалалық аурухананың, сондай-ақ «Есіл» ауданында балаларға арналған травматологиялық пунктің құрылысы басталады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астанада қаланың дамуы аясында әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары Астанада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, сондай-ақ тұрғындарға қадамдық қолжетімділікте қамтамасыз ету үшін ашылған емханалар жанындағы 19 филиал бар.

«Халық санының жыл сайын артуына байланысты медициналық мекемелерге деген сұраныс та өсіп келеді. Осы мәселені шешу үшін «Есіл» мен «Нұра» аудандарында екі емхананың, «Алматы» ауданында перинаталдық орталықтың, жаңа көпбейінді қалалық аурухананың, сондай-ақ «Есіл» ауданында балаларға арналған травматологиялық пунктің құрылысын бастаймыз.
Қалалық №2 аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталу үстінде. Сонымен қатар Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдай алатын жекеменшік емхананы ашу жоспарланып отыр.
Бұл медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Астана қаласының әкімі.

Елорда басшысының айтуынша, алдағы үш жылда қалада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында «Алматы» ауданында салынатын перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпбейінді аурухана, 6 жаңа толық форматтағы емхана (оның 2-еуі мемлекеттік), сондай-ақ жедел медициналық жәрдемнің 3 қосалқы станциясы бар.
Бұған дейін елордада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қандай нысандары салынып жатқанын жаздық.