Астанада лифтіні бүлдірген вандал ұсталды
Астанада тұрғын үйдегі лифтіні бүлдірген вандал ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, кезекті құқық бұзушы анықталып, жауапқа тартылған.
Полиция қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үй кешенінде мас күйде қоғамдық мүлікті қасақана сындырған 34 жастағы ер адамды ұстады.
Құқық бұзушы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, алдымен бірінші, кейін екінші лифтінің есігін сындырған. Ол есіктерді қолымен жұлқып ашып, теуіп, жұдырығымен ұрып, нәтижесінде көтергіш жабдықтарды істен шығарған. Материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңге.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек, жыл басынан бері Астанада 80-ге жуық вандализм дерегі тіркелді.