Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында қандай инвестициялық жобаларға қолдау көрсетілгені туралы жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, қалаға жеке инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
«Инвестициялық штаб отырысында бірқатар жобаны қарадық. Мәселен, шыны пакеттері мен қасбеттік жүйелер өндіретін зауыт, лифт, эскалатор және өзге де көтергіш механизмдер шығаратын өндірістік-технологиялық орталық, алкогольсіз сусындар шығаратын өндірістік-логистикалық кешен, қойма орындары бар косметика және парфюмерия өндіретін кәсіпорын салу жобалары және басқа да бастамалар талқыланды.
Ұсынылған жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 40 млрд теңге. Оларды 2026-2029 жылдары іске асыру жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 1 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің сөзінше, былтыр елорда экономикасына шамамен 2,5 трлн теңге инвестиция салынды. Олар өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым және экономиканың өзге де негізгі салаларындағы жобаларға бағытталды.
Елорда әкімі өңірлік инвестициялық штаб отырыстарын тұрақты түрде өткізіп, жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі деп мәлімдеді.

