Астанада инфекциялық аурулардың таралу қаупін азайту жолдары талқыланды

Астанада инфекциялық аурулардың таралу қаупін азайту жолдары талқыланды
Фото: ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

Астанада өткен халықаралық медициналық семинарда Қазақстанның трансмиссивті инфекцияларды бақылау және олардың алдын алу тәжірибесі таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Назарбаев Университетінде «Жаһандық медициналық шептер: инновациялар, орнықтылық және тәжірибе алмасу» тақырыбында бірлескен медициналық семинар өтті. Оның трансмиссивті ауруларға, тіршілік ету ортасына және апаттарға арналған үшінші сессиясында Комитеттің Аса қауіпті инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Альбина Утемуратова баяндама жасады.

Ол «Трансмиссивті инфекциялар: тәуекелдерді бағалау және алдын алу шаралары» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстанда мұндай инфекцияларға мониторинг жүргізу, эпидемиологиялық тәуекелдерді бағалау және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесіне тоқталды.

Табиғи-ошақты аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына (КҚГҚ) ерекше назар аударылды. Қазақстанда аталған инфекцияға жүйелі эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі.

Семинар барысында КҚГҚ-қа қатысты эпидемиологиялық тәуекелдерді дер кезінде анықтау және бағалау, жағдайды тұрақты бақылау, сондай-ақ инфекцияның халық арасында таралуының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру тәсілдері таныстырылды.

Комитет мәліметінше, Қазақстанның тәжірибесі трансмиссивті инфекциялармен күресте сектораралық өзара іс-қимылдың, тұрақты мониторинг пен профилактикалық шаралардың маңызын көрсетті.

Бұған дейін тұмаудан қалай сақтану керектігі жөнінде маман кеңесін ұсынған едік.