Елімізде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үшінші апта қатарынан өтіп жатыр

5 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үшінші апта қатарынан өтіп жатыр
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр. Бұл жәрмеңкелерде отандық фермерлер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Республика бойынша жәрмеңкелерге 7 568 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Оның ішінде Астанада 400 тоннадан астам өнім ұсынылды.

«Жәрмеңкелерде өнім бағасы тиімді. Өткен аптада бірқатар тауарлары нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды. Мәселен, Астанада сиыр және жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден ұсынылса, Қостанайда сиыр еті 3 200–3 500 теңге, жылқы мен қой еті 3 мың теңгеден басталды» , - делінген хабарламада.

Жәрмеңкелерде ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, дәнді дақылдар және басқа да отандық өнімдер ұсынылады. Ет өнімдеріне сұраныс жоғары.

«Дала дәмінің» басты ерекшелігі — фермерлердің өнімдерін тікелей сатуы. Сауда орындары жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тегін беріледі.

Жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын жалғасады.