Астанада №8 және №16 өрт сөндіру бөлімдері жөнделіп жатыр
Елордалық мәслихат депутаттары қаланың ескі бөлігінде орналасқан №8 және №16 өрт сөндіру бөлімдерінің жұмысымен танысты. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта екі нысанда да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
«№8 өрт сөндіру бөлімі 1980 жылы салынған. Мұнда 60 қызметкер жұмыс істейді, 6 бірлік техника бар. Жөндеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
№16 өрт сөндіру бөлімі 1979 жылы пайдалануға берілген. Бөлімде 52 қызметкер қызмет атқарады, 5 бірлік техника жұмылдырылған. Нысанды жөндеу 2026 жылдың тамызына дейін жалғасады.
Өрт сөндіру бөлімдерінде қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, техникаға арналған бокстар кеңейтіліп, бөлімшелердің инфрақұрылымы жаңғыртылуда.
Сондай-ақ депутаттар арнайы техникалардың жаңартылуымен, заманауи жабдықтардың сатып алынуымен, сондай-ақ арнайы киім-кешек, құрал-жабдықтар және өрт сөндіруге арналған жаңа құралдармен танысты», деп жазды Табиғат Зейнұлқабден.


Мәслихат төрағасы аталған шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру елорданың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және ТЖД қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын жасауға бағытталғанын атап өтті.
Еске салсақ, Президент Жеңіс Қасымбекке елорданы дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.