Астанада 500 келі еді: Қарағандыда 3 тонналық бегемоттың туған күнін тойламақ

Астанада 500 келі еді: Қарағандыда 3 тонналық бегемоттың туған күнін тойламақ
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандылықтар хайуанаттар бағындағы үш тонналық бегемот Юджиннің туған күнін тойлауға дайындалып жатыр. Биыл Юджин 26 жасқа толады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол жиырма жылдан астам уақыт бұрын Астанадан Қарағандыға төрт жасында жеткізілгенде небәрі 500 келіге жуық болған.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Юджиннің салмағы алты есеге жуық артқан. Бүгінде ол 3 тонналық алып бегемотқа айналған. Қазір бегемот күн сайын 40 келіден астам жем-шөппен қоректенеді. Хайуанаттар бағында оған жазғы және қысқы кезеңге арналған бассейндер де жасалған.

Мамандардың айтуынша, бегемоттар зообақта 60 жылға дейін тіршілік ете алады. Сондықтан Юджиннің алда келушілермен бірге атап өтетін туған күндері әлі де көп.

Айта кетейік, Юджиннің туған күні 30 тамызда хайуанаттар бағында аталып өтпек. Мереке сағат 13:00-де басталады. Бағдарламада эстафеталар, флешмобтар, викториналар мен көңілді ойындар бар. Балалар туған күн иесіне арнап сурет салып, арнайы шақырылған бойшаң қуыршақтармен көңіл көтере алады.

Ал мерекенің басты оқиғасы – Юджинді көпшілік алдында арнайы тағаммен тамақтандыру рәсімі.

Бұдан бұрын Алматы зообағында сирек кездесетін хайуанаттар гиббондар мен лемурлар егізден төлдегенін жазған едік.