Астанада 33 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды

Бүгін, 14:43
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада 33 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру ережелерін бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың барлық аудандарында амақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Қазіргі уақытта елордада 80-нен астам стихиялық қоқыс үйіндісі жойылып, 33,2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа 90-нан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Есіл ауданында жұмыстар Хусейн бен Талал көшелерінде, Е-321 көшесіндегі «Aisar» ТҮ ауданында, сондай-ақ әуежай жаққа баратын тасжол бойында жүргізіліп жатыр.

Мұнда рұқсат етілмеген 10 қоқыс үйіндісі жойылып, 3 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Қоқыстың қайта пайда болуын болдырмау үшін кірме жолдарға шектеу аркалары мен антитарандық блоктар орнатылған. Жұмысқа 12 бірлік техника жұмылдырылған.

Сарайшық ауданында да стихиялық қоқыс үйінділерін жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Барлығы 4 учаске мен 15 орын тазартылды. Учаскелерде 41 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, шамамен 11,5 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазарту жұмысы Ш. Қалдаяқов көшесінде – Ұлы Дала даңғылынан «Нұрлы жол» вокзалына дейін, сондай-ақ LRT желісінің бойында жүргізіліп жатыр.

Сарыарқа ауданында жыл басынан бері санитарлық жағдайды мониторингілеу барысында қалдықтар заңсыз төгілген 10 орын анықталды. Қазіргі уақытта 7 қоқыс үйіндісі жойылып, 6 724 тонна қоқыс шығарылды, бұл жұмысқа 13 бірлік техника жұмылдырылған.

Алматы ауданында жыл басынан бері заңсыз қоқыс төгілген орындар анықталған жоқ. 

Байқоңыр ауданында есепті кезеңде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа 10 бірлік техника жұмылдырылған. Тазарту 13 учаскеде, оның ішінде 101, Үшқоңыр, Пушкин, Өндіріс, Тайбурыл, Мұнайшылар көшелерінде, «Алай» базарының ауданында, Солтүстік айналма жол мен басқа да аумақтарда жүргізілді.

Қоқыс жиналатын 18-ге жуық жүйелі орын ерекше атап өтілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бұл учаскелерде 13 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Нұра ауданында стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмысы екі мердігерлік ұйымды жұмылдырумен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта заңсыз қоқыс төгілетін 40 учаскесі анықталды, олардың 7-еуі ірі қоқыс жиналатын ошақтарға жатады. Қазірдің өзінде 2 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, бұл жұмысқа 14 бірлік техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, мұндай жағдайдың алдын алу үшін Талдыкөлдің проблемалы учаскелерінде – Ұлы Дала – Айтматов көшелерінің шаршысында және Қорғалжын тасжолы ауданында – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы аумаққа мониторинг жүргізілді. Қоқыс үйінділерін жою жұмысы жалғасып жатыр.

«Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 және 344-баптары бойынша 345 бұзушы жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 12 млн теңгені құрады. 2025 жылғы қаңтарда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 344-бабына өзгерістер енгізілді, соған сәйкес белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін жазалау шаралары күшейтілді. Мұндай бұзушылық үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (432 500 теңгеден 4 млн 325 мың теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталағаны үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (865  000 теңгеден 8 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл қарастырылады», делінеді хабарламада.

Сонымен қатар, қоқыс шығару үшін пайдаланылған көлік құралдары мен өзге де заттарды тәркілеу сияқты қосымша санкция қарастырылған. Бұл шаралар жаңа қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмауға және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Еске салсақ, Астанада «Таза сәрсенбі» экологиялық іс-шарасы өтті