Астана халықаралық әуежайында паркинг тарифтері өзгереді
Астана халықаралық әуежайы автотұрақ инфрақұрылымын кеңейтіп, паркинг тарифтерін өзгертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық әуежайы автотұрақ инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуды қолға алды. Қазір автокөліктерді ұзақ мерзімге қоюға арналған қосымша автотұрақ аймақтарын дайындау жүргізіліп жатыр.
«Бұл аймақтарда тұрақ құны сағатына 100 теңге. Осылайша жолаушылар мен шығарып салушылар өзіне тиімді әрі үнемді тұрақ нұсқасын таңдай алады. Сонымен қатар, әуежай келушілеріне арналған 100 автокөлікке есептелген тегін автотұрақ бұрынғыдай жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайында қысқа мерзімді автотұрақ тарифтері өзгереді. Жаңа тариф бойынша тұрақ ақысы сағатына 300 теңге. Бұл қолданыстағы тарифтен 100 теңгеге жоғары.
Айта кету керек, сағатына 200 теңге көлеміндегі тариф 2023 жылдан бері өзгеріссіз сақталып келді. Осы уақыт ішінде пайдаланушы шығындары артып, автотұрақтарды күтіп-ұстау мен жаңғыртуға жұмсалатын шығын көлемі айтарлықтай өсті», делінген хабарламада.
Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтардың жекелеген санаттары үшін қолданыстағы жеңілдік сақталады. I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтың зардаптарын жоюға қатысушы мәртебесі бар азаматтар автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.
Еске сала кетсек, Олжас Бектенов Астана әкімдігіне жаңа әуежай салуға дереу кірісуді тапсырды.