Астана әуежайы қызметкерлері жаңа конституциялық реформаны қолдады

Бүгін, 15:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана әуежайы қызметкерлері жаңа конституциялық реформаны қолдады
Фото: Жалпыұлттық коалиция Астана қалалық филиалы

Астана қаласы халықаралық әуежайы ұжымымен жаңа конституциялық реформаны түсіндіруге арналған бейресми кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында жобаның негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту тетіктері, сондай-ақ елдің тұрақты дамуына ықпалы кеңінен талқыланды.

Кездесуде Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов сөз сөйлеп, конституциялық жаңғырудың стратегиялық маңызын атап өтті.

«Бүгінгі өзгерістер кезеңінде қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту аса маңызды. Жаңа конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Әрбір қазақстандық бұл өзгерістердің мәнін терең түсінуі тиіс», - деді депутат.

Блогер Әсем Нұрсейітова өз сөзінде ақпараттық ашықтықтың рөліне тоқталды.

«Қазіргі қоғамда әр азаматтың дауысы маңызды. Ашық талқылау мен түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, реформалардың мәнін кеңінен жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Астана халықаралық әуежайы – елорданың басты авиациялық хабы, жолаушылар мен жүк тасымалын кешенді қамтамасыз ететін стратегиялық көлік нысаны. Кездесу барысында әуежай қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Іс-шара ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар жаңа конституциялық реформаның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

Еске салсақ, елордада «Жайдарман» жастар лигасының өкілдері Конституциясының жаңа редакциясын қолдайтындарын білдірді.