«Elorda Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Astana Akshamy» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығының «Үздік өңірлік БАҚ» аталымында топ жарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Айта кетейік, елорданың басты үнжариясына айналған «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің жарық көргеніне биыл 35 жыл толды.
Олар қаланың тыныс-тіршілігі мен іс-шаралар жайында қалың бұқараға жүйелі жеткізуші, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Бас шаһармен бірге өсіп-өркендеп, оқырманы артқан қос газеттің дизайны да уақыт өткен сайын түрленуде.
Республикалық «Астана ақшамы» қоғамдық-саяси газеті 1990 жылғы 13 қазаннан бастап жарық көріп келеді.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы – Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Еркін Қыдыр.
Басылымда қызмет ететін мамандар «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Ұжымның табысты еңбегінің арқасында 2018 жылы басылым ҚР Президентінің Алғысын, «Nur Sunqar» ұлттық сыйлығын алды.
Ал «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша «Үркер-2024» ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша газет тілшісі Нұрлат Бәйгенже жеңімпаз атанды.
Ұжымда қызмет ететін мамандардың көпшілігі республикалық конкурстардың жеңімпазы. Сонымен қоса, олар құрмет грамоталарымен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.
Әрдайым халық үнімен үндес, мұңымен мұңдас, жанымен сырлас қос басылымның өзге газеттерден басты айырмашылығы – түрлі танымдық айдарларында. Осы уақытқа дейін әр айдардың жеке оқырманы қалыптасқан. Бұл қалам ұстаған, саналы ғұмырын газетке арнаған білікті де шығармашыл журналистердің еңбегі.