Header Banner

Анна Альшанская: Жолдауда халықтың экономикалық мүмкіндігіне байланысты цифрлық трансформация айқындалды

Анна Альшанская: Жолдауда халықтың экономикалық мүмкіндігіне байланысты цифрлық трансформация айқындалды
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында цифрлық экономиканы дамыту және оның мүмкіндіктерін халықтың табысын арттыруға бағыттау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың еңбек нарығына ықпалы артып келе жатқан кезеңде азаматтардың цифрлық дағдыларын дамыту, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті міндетке айналып отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы «халықтық цифрлық экономика» қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының пікірінше, жасанды интеллект дәуірі еңбек нарығына қойылатын талаптарды өзгертіп, адами капиталдың елдердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі рөлін арттырып отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай негізгі кәсіби дағдылардың шамамен 39 пайызы өзгереді. Ал Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, әлемдегі әрбір төртінші қызметкер генеративті жасанды интеллект ықпалына белгілі бір дәрежеде ұшырайтын кәсіпте жұмыс істейді.

Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытуға қажетті технологиялық негіз қалыптасып келеді. Digital Qazaqstan стратегиясы аясында екі суперкомпьютер іске қосылды, ал 2026 жылдың соңына дейін үшіншісін пайдалануға беру жоспарланған. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталып, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар цифрлық қызметтерді пайдалану халықтың күнделікті өмірінде кеңінен таралған. Мәселен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар 92,1 трлн теңге сомасына 7,1 млрд қолма-қол ақшасыз операция жасаған.

«2026 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы халықтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтумен байланысты цифрлық трансформацияның жаңа кезеңін айқындады. Президент Қазақстан технологиялық дамудың артықшылықтарын пайдалануға азаматтардың неғұрлым кеңінен қатысуын қамтамасыз ете отырып, дәл "халықтық цифрлық экономиканы" құруы тиіс екенін атап өтті», - деді Анна Альшанская.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – цифрлық технологиялар арқылы азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту. Жолдауда интернетті тек ақпарат тұтыну мен ойын-сауық алаңы ретінде емес, еңбек ету мен жасампаз қызметтің ортасына айналдыру міндеті қойылған. Осы мақсатта 2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру тапсырылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын маркетплейстер, банктер, логистикалық компаниялар мен басқа да жеке цифрлық платформалардың мүмкіндіктерімен ұштастыру көзделген. Ауылдық өндірушілердің өз өнімдерін цифрлық алаңдар арқылы өткізуіне мүмкіндік беретін пилоттық жобаларды іске қосу да жоспарланып отыр.

Сарапшының пікірінше, мұндай тәсіл нарыққа шығу кедергілерін азайтып, қосымша табыс көздерін қалыптастыруға және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Әсіресе ауыл кәсіпкерлері мен шағын өндірушілер үшін цифрлық платформалар өнімді тұтынушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.

Анна Альшанская адами капиталды дамытуда әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі де маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, автомобиль жолдарының сапасы, коммуналдық желілердің жағдайы және өңірлердегі әлеуметтік қызметтердің біркелкі қолжетімді болмауы азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін негізгі мәселелердің қатарында.

Осыған байланысты Жолдауда инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы ұсынылды. Оны іске асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Атап айтқанда, перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтарын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы 70-ке жуық нысанды салу жоспарланған. Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысын бастау, елді мекендердің ауызсу мен газға қолжетімділігін кеңейту көзделіп отыр.

«Сапалы білімнің, медициналық көмектің, оңалтудың және негізгі коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі адамның тұрғылықты жеріне қарамастан дамуына мүмкіндік береді. Цифрлық технологиялар мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту өзара байланысты бағыттар ретінде қарастырылуы керек. Цифрлық мүмкіндіктер азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға қызмет етсе, сапалы білім, медицина және негізгі коммуналдық қызметтер адами әлеуетті дамытуға негіз болады», - деді сарапшы.

Жалпы, Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру кезеңінен оның экономикалық және әлеуметтік қайтарымын арттыру кезеңіне өтіп келеді. Бұл ретте технологиялық жетістіктер халықтың кең тобы үшін табыс көзіне айналып, инфрақұрылымдық жаңғырту азаматтардың өз мүмкіндіктерін толық іске асыруына жағдай жасауы тиіс.