Алматы әуежайында зиянкес жұққан гүлдер мен салат көктері елге кіргізілмеді
«Алматы халықаралық әуежайы» фитосанитариялық бақылау бекетінде қауіпті карантиндік зиянкес – батыс гүл трипсімен залалданған импорттық өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол берілмеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Қауіпті зиянкес Нидерланд Корольдігінен жеткізілген салат көктері партиясынан, сондай-ақ Армения Республикасынан әкелінген 600 дана кесілген гүлден анықталды.
«Аталған өнім иелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігіне («Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу») сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті еліміздің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерінде фитосанитариялық бақылауды күшейту жұмыстарын жалғастыруда.
«Қолға алынған шаралар аса қауіпті карантиндік объектілердің еліміздің аумағына кіргізілуі мен таралуының алдын алуға, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауға және елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», - деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, ел аумағында үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толық көлемде аяқталды.