17 мың өзен, 3 мың көл 1,1 мың гидротехникалық құрылыс деректері ақпараттық жүйеге енгізілді
Су ресурстары және ирригация министрлігі су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың өзге де бағыттары бойынша деректерді біріктіретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрландырылып, жүйелендірілді. Оның ішінде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылысжай бар.
Сонымен қатар Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жүйеге су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілді. Сондай-ақ жүйе арқылы суды бастапқы есепке алу бойынша 2,2 мыңнан астам есеп, ал 2-ТП нысаны бойынша 1,3 мыңнан астам есеп қабылданған.
«Жүйенің функционалдық мүмкіндігіне су балансын жүргізу, су пайдалануды есепке алу және талдау, су қоймасының жай-күйін мониторингілеу, трансшекаралық су нысандары бойынша деректермен жұмыс істеу, сондай-ақ ғарыш мониторингісін қоса алғанда, заманауи технологияны пайдалану кіреді. Қазіргі уақытта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындықтың соңғы кезеңінде тұр», – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Еске сала кетсек, Жайық өзенінде жаңа автомобиль көпірі салынады.