«ҚазАвтоЖол» ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге ескерту жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Синоптиктердің болжамына сәйкес, түнгі және таңертеңгі уақыттарда Ақмола, Абай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ күтіледі. Осыған сәйкес, Жүргізушілерден жолда аса мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты қатаң сақтауды, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды және аса қажеттілік болмаса сапарға шықпауды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Мамандар дөңгелектердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлген жөн екенін қаперге берді: егер көлікте әлі жазғы шина тұрған болса, көктайғақта басқару қиындап, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі едәуір артады.
Ұлттық компания жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейтінін, сондай-ақ жолдардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан білуге болатынын еске салады.