Жазда ел бойынша қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақтан турнирлер өтеді
Жазғы маусымда жеңіл атлетика, дзюдо, регби, скейтбординг, су добы және үстел теннисі сынды 6 спорт түрінен ұлдар мен қыздар арасында кемінде 10 республикалық чемпионат пен турнир өткізу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министр жарыстар 9-15 жас аралығындағы қатысушыларды қамтитынын атап өтті. Ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас үміт» халықаралық турнирі, жамбы ату, аударыспақ, асық ату, қазақ күресі және дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттары жоспарланған.
Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде Балаларды қорғау күніне (1 маусым) және Спорт күніне (16 тамыз) орайластырылған спорттық-бұқаралық іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, турнирлер, чемпионаттар, жарыстар, спартакиадалар, марафондар, көңілді старттар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Болашақ ойындары» маңызды халықаралық оқиғалардың бірі болмақ. Оған мыңға жуық ерікті студенттер қатысады деп күтілуде, ал іс-шараның негізгі аудиториясы – балалар мен жасөспірімдер.
Еске сала кетейік, елімізде 1,8 млн бала спортпен тұрақты айналысады.