Жасөспірімдерге Instagram мен Facebook-ті қолдануда қандай шектеу қойылады

Жасөспірімдерге Instagram мен Facebook-ті қолдануда қандай шектеу қойылады
Фото: pexels.com

Meta компаниясы АҚШ-тағы 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің Facebook пен Instagram-ды қолдануына бірқатар жаңа шектеу енгізуге келісті. Компания АҚШ штаттарымен жасалған келісім аясында алдағы 10 жылда 18 млрд долларға дейін төлеуі мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz ВВС-ге сілтеме жасап.

Келісімге АҚШ-тың штаттары, Колумбия округі және аумақтарының бас прокурорлары қатысқан. Олар Meta платформалары балалар мен жасөспірімдерге зиян келтіреді деп компанияға қарсы талап-арыз берген. Meta бұл келісім арқылы өз кінәсін немесе заң бұзғанын мойындамайды. Келісімнің күшіне енуі үшін оны сот мақұлдауы керек.

Жасөспірімдерге қандай шектеулер қойылады?

Келісім бекітілсе, АҚШ-тағы 18 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін Facebook пен Instagram-да:

- әлеуметтік желіні пайдалануға әдепкі бойынша күніне екі сағаттық лимит енгізіледі;

- 00:00-ден 06:00-ге дейін аккаунтқа кіруге шектеу қойылады, оны ата-ана ғана алып тастай алады;

- 22:00-ден 07:00-ге дейін және мектептегі сабақ уақытында хабарламалар өшіріледі;

- ата-аналық бақылау құралдары күшейтіледі;

- жасөспірімдердің жасын анықтайтын жүйелер жетілдіріледі;

- 18 жасқа толмағандарға лайк пен реакциялар санын көрсетуге шектеу қойылады;

- сырт келбетті өзгертетін кейбір сүзгілерге тыйым салынады;

- жасөспірімдерге жекелендірілмеген контент таспасына ауысу мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар Meta зиянды контент туралы жасөспірімдердің хабарламаларын қарау жүйесін күшейтеді. Компания осындай хабарламалардың кемінде 90 пайызына алты сағат ішінде жауап беруге міндеттеледі.

$18 млрд қалай төленеді?

Meta келісім бойынша қаражатты бірден емес, 10 жыл ішінде төлейді. Оның негізгі бөлігі кепілдендірілген төлем болса, шамамен $5 млрд-тан астам бөлігі TikTok пен YouTube платформалары да осындай қауіпсіздік шараларын енгізген жағдайда ғана төленуі мүмкін.

Бұл қаржының бір бөлігі балалар мен жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қолдауға, цифрлық сауаттылыққа және басқа да қоғамдық бастамаларға жұмсалуы мүмкін.

Meta өз кезегінде TikTok пен YouTube-ты да жасөспірімдерді қорғауға арналған осындай шараларды енгізуге шақырды. Компанияның пікірінше, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай талаптар бүкіл салаға ортақ болуы керек.

Айта кетейік, бұл өзгерістер әзірге тек АҚШ-тағы Facebook пен Instagram-ның кәмелетке толмаған пайдаланушыларына қатысты. Яғни аталған шектеулер Қазақстандағы қолданушыларға автоматты түрде енгізілмейді.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін желіде жалған ақпарат таратқан қызылордалық бойжеткеннің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.