Жасөспірімдер арасындағы алкоголизм қаупі: Індеттің алдын алуда мектептің рөлі қандай

Жасөспірімдер арасындағы алкоголизм қаупі: Індеттің алдын алуда мектептің рөлі қандай
Фото: Жанар Ермұхамбетованың жеке мұрағатынан

Жасөспірімдердің алкоголь ішуінің алдын алу – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Зиянды әдеттің жастар арасында таралуына жол бермеу үшін елордадағы білім беру ұйымдарында түрлі профилактикалық жұмыс жүргізіліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар туралы толығырақ білу үшін Elordainfo.kz тілшісінің сұрағына Астана қаласы әкімдігінің №109 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Жанар Ермұхамбетова жауап берді.

- Жанар Закарьянқызы, №109 мектепте оқушылардың бойында жат қылықтарға қарсы ішкі иммунитет пен стреске төзімділікті қалыптастыру бағытында қандай тәрбиелік шаралар қолға алынған?

- Мектебімізде бұл бағыттағы жұмыс «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүйелі жүргізіледі. Атап айтқанда, «ДосболLIKE» бағдарламасы арқылы буллингтің алдын алу, эмоциялық интеллект пен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар «Буллингтен қорған!», «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Қауіпсіз қоғам» тақырыптарында сынып сағаттары, психологиялық тренингтер мен профилактикалық кездесулер өткізіледі.

- Жасөспірімдер арасында «жеңіл» алкогольдік өнімдердің зияны мен олардың алғашқы тәуелділікті тудыру қаупі туралы түсіндіру жұмыстары қалай ұйымдастырылады?

- Оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында тұрақты түсіндіру жұмысы жүргізіледі. «Өмірге салауатты қадам», «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыптарындағы сынып сағаттары, медицина қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, алкоголь мен басқа да зиянды әдеттердің денсаулыққа және болашаққа әсері түсіндіріледі.

- Баланың бос уақытында бақылаусыз қалмауы және отбасындағы қолайлы психологиялық климатты сақтау мәселесінде мектеп әкімшілігі ата-аналармен қалай байланыс орнатады?

- Бұл бағытта Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы белсенді жұмыс істейді. Ата-аналарға арналған Ашық есік күндері ай сайын өткізіледі, сонымен қатар кездесулер, тренингтер өткізіліп, «Өнегелі 15 минут» жобасы арқылы ата-аналардың баламен күнделікті сапалы қарым-қатынас орнатуы насихатталады. Сонымен қатар сынып жетекшілері мен мектеп мамандары ата-аналармен тұрақты байланыста болады.

- Мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдары, көшбасшы оқушылар мен еріктілер қозғалысы құрдастары арасында салауатты өмір салтын насихаттауда қандай рөл атқарады?

- Мектеп парламенті, көшбасшы оқушылар мен еріктілер түрлі акциялар, әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырады. «Қамқор» жобасы аясында оқушылар қоғамдық белсенділікке тартылып, құрдастары арасында жауапкершілік, өзара құрмет және салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттайды. Кішілерге қамқорлық танытуда BIS тәлімгерлік жобасы да жүргізіледі.

- Зиянды әдеттердің алдын алуда дәстүрлі лекциялардан бас тартып, оқушыларды қызықтыратын қандай интерактивті тәсілдерді тәжірибеде қолданып жүрсіздер?

- Бүгінде оқушыларды қызықтыратын интерактивті форматтарға басымдық беріп отырмыз. Мектепте «Ұшқыр ой алаңы» дебаттары, психологиялық тренингтер, ұлттық ойындар, Smart Bala, «Шабыт», «Еңбегі адал – жас өрен» жобалары жүзеге асырылады. Бұл шаралар оқушылардың сыни ойлауын, көшбасшылық қасиеттерін және өмірлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

- Жасөспірім шақтағы өтпелі кезеңнің қиындықтарынан өтіп жатқан оқушыларға және олардың тәрбиесіне алаңдайтын ата-аналарға маман ретінде қандай басты кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы – бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас. Ата-аналарға баласын тыңдап, қолдап, оның қызығушылықтары мен алаңдаушылықтарына назар аударуға кеңес беремін. Ал оқушыларға өз мәселесін іште сақтамай, ата-анасымен, мұғалімімен, психологпен, мектеп басшысымен де  ашық бөлісу маңызды екенін айтқым келеді. Қиындықты бірге еңсеру әрқашан оң нәтиже береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!  

Авторы: Розагүл Күнтуған