Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы 32 жалған бейнероликті анықтады

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы 32 жалған бейнероликті анықтады
Фото: freepik.com

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желіде сайлау жәшігіне бюллетеньдерді заңсыз тастаудың «дәлелі» ретінде ұсынылған бейнероликтердің таратылуын тіркеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Орталықтың жүргізген талдау нәтижесі көрсеткендей, мұндай бейнежазбаның басым бөлігі басқа мемлекеттерде және әртүрлі уақытта түсірілген. Сонымен қатар, олардың арасында нақты шығу тегі мен мән-жайы көрсетілмей таратылып жатқан қойылымдық немесе модификацияланған бейнероликтер бар. Мәселен, «жоғалып кететін сия» бейнеленген ролик алғаш рет интернет кеңістігінде 2019 жылы пайда болған. Бұл материал бұған дейін Ресей, Украина және Қырғызстан елдерінде бірнеше мәрте жарияланып, кеңінен таралған.

Ал өзге материалдардың бір бөлігі - осыдан 10-15 жыл бұрын және одан да ерте уақытта жарияланған бейнежазбалар. Орталық барлық онлайн-платформаларда осындай 32 бірегей бейнежазбаны анықтады.

«Мұндай материалдарды пайдалану - ақпараттық арандатушылық технологиясының бірі. Мақсат - дауыс беру процедуралары туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыру арқылы референдум қарсаңында қоғамдағы сенім деңгейіне нұқсан келтіру. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының бағалауы бойынша, референдум күні жақындаған сайын манипуляциялық контенттің анағұрлым күрделі түрі, соның ішінде шынайы оқиғаларды немесе лауазымды тұлғалардың мәлімдемесін имитациялайтын дипфейк-бейнелер пайда болуы мүмкін», делінген хабарламада.

Орталық азаматтарды мұндай жарияланымдарға сыни тұрғыдан қарауға, ақпарат көздерін мұқият тексеруге және расталмаған материалдарды таратпауға шақырады. Құқық қорғау органдары ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізетінін мәлімдеп, көрінеу жалған ақпаратты әдейі тарату қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Еске сала кетсек, табысы төмендерге 432 мың теңге төлем тағайындалатыны туралы ақпарат жалған екенін хабарладық.