ШҚО-да мемлекетке 4 мың гектардан астам жер телімі қайтарылды

25 маусым, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ШҚО-да мемлекетке 4 мың гектардан астам жер телімі қайтарылды
Фото: freepik.com

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының прокуратурасы пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңсыз берілген жер учаскелерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында бірқатар жер пайдаланушылардың заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы саны 20 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы нысаналы тағайындалуы бойынша пайдаланбағаны анықталды.
 
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кадастрлық құны 20 млн теңгеден асатын, жалпы ауданы 4 мың гектардан астам аталған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.
 
Сондай-ақ, аудан прокуратурасы міндетті сауда-саттықты (аукционды) өткізбестен, коммерциялық жер учаскесін заңсыз беру фактісін анықтады.
 
Атап айтқанда, Самар ауылдық округі әкімінің өкімімен жеке тұлғаға Самар ауылындағы жол бойындағы сервис объектілеріне (дүкен, дәмхана, қонақ үй кешені, электромобильдерге арналған ЖҚС) арналған ауданы 0,50 га учаске 3 жылға уақытша пайдалануға берілген.
 
Бұзушылықтарды жою үшін аудан прокуратурасы әкімдіктің мекенжайына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізді. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органның талап арызы бойынша Самар аудандық сотының заңды күшіне енген шешімімен нарықтық құны 2 млн теңгеден асатын осы коммерциялық учаске мемлекетке толығымен қайтарылды.
 
Жер ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттік мүдделерді қорғау мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауында қалады.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда құны 870 млн теңге болатын 50 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.