18 мыңнан астам адам, 61 келісім: AI & Digital Bridge 2026 қорытындыланды

18 мыңнан астам адам, 61 келісім: AI & Digital Bridge 2026 қорытындыланды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада 1-3 қазан аралығында өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы қорытындыланды. Форумға 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысып, оның аясында 61 меморандум мен келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы форумның негізгі тақырыбы «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» болды. Бағдарлама Қазақстандағы ЖИ экожүйесін дамыту, есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника, технологиялық кәсіпкерлік, инвестиция, білім беру және ЖИ-ді реттеу мәселелерін қамтыды.

Ашық бағдарламаның екі күнінде форум алаңына 47 мыңнан астам адам тіркеліп, күнделікті көрсеткіштердің жиынтығы бойынша 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысты. Іскерлік бағдарламаға 429 спикер, оның ішінде 114 шетелдік сарапшы қатысып, 106 панельдік сессия өтті.

​​​

Форумның алғашқы күніндегі негізгі оқиғалардың бірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Мемлекет басшысы жаңа технологиялардың экономикаға, ғылымға, білім беру мен мемлекеттік басқаруға ықпалына тоқталды.

«Бүгінде жасанды интеллект технологияларының өнеркәсіп, қаржы, білім беру, ғылым, мемлекеттік басқару және адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстар үшін тиімді алтын көпір қызметін атқарып отыр», – деді Президент.

​​​

Форум аясында Qazaq AI Research University (QAIRU) университеті ашылды. Мемлекет басшысына AI-Enabled University моделі, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік қызметтер мен өнеркәсіп салаларындағы цифрлық және ЖИ жобалары таныстырылды.

​​​

3 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов форум алаңындағы цифрлық шешімдермен танысып, халықаралық технологиялық индустрия өкілдерімен кездесті және AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарын марапаттады.

​​​

Үкімет басшысы Қазақстанда ЖИ-ді кеңінен енгізуге қажетті құқықтық негіз қалыптасқанын және цифрлық инфрақұрылым дамып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, энергетикалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «ДӨО-алқабы» мегажобасы ЖИ, бұлтты сервистер, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамытуға негіз болмақ.

Форумның көрме бөлігінде Startup Alley алаңында 96 стартап өз әзірлемелерін таныстырды. Бұдан бөлек, 49 IT-компания өнімдері мен технологиялық шешімдерін көрсетті, 42 жеке стенд жұмыс істеді. Армения, Қытай, Испания, Канада және Өзбекстанның ұлттық павильондары ұсынылды.

​​​

Стартаптар бағдарламасының негізгі оқиғаларының бірі Astana Hub Battle 2026 болды. Байқауға 14 елден 292 өтінім түсіп, 50 стартап жартылай финалға, 14 команда финалға өтті. Жүлде қоры 100 мың долларды құрады.

AI & Digital Bridge Awards 2026 аясында жеті номинация бойынша үздік технологиялық жобалар анықталды. Олардың қатарында eGov.GPT, GoPrep, Rette, QazCode компаниясының Aventa AI жобасы, Higgsfield AI, MA7 Ventures және ōzen бар.

Форумның тағы бір маңызды нәтижесі – 61 меморандум мен келісімге қол қойылуы. Олар технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты, білім беруді, цифрлық өнімдерді дамыту мен халықаралық әріптестікті қамтиды.

«Келесі кезең – тиімділігін көрсеткен технологияларды ауқымды түрде іске асыру, сондай-ақ экономикамызға жаңа технологиялар мен цифрлық стандарттарды енгізу. Бұл үшін мемлекет, ғылым және халықаралық технологиялық компаниялар осы бағытта бірігуі керек. Digital Bridge – іскерлік серіктестер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін осындай алаң. Биыл 60-тан астам жаңа келісімге қол қойылды», – деді Олжас Бектенов.

​​​

Форум аясында креативті индустрияларға да назар аударылды. Astana AI Film Festival халықаралық байқауына 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті.

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық медианың да назарында болды. Форумды жариялауға 20 мемлекеттен 52-ден астам шетелдік БАҚ өкілі тартылды.

​​​

AI & Digital Bridge 2026 Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтті. Форумды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форумды өткізуге жұмсалған шығын толықтай демеушілік қаражат есебінен жабылған.