ШҚО-да фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жұмысы тексерілді
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті «Уба» және «Майқапшағай» фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында комитет өкілдері фитосанитариялық заңнама талаптарының сақталуына, бақылау іс-шараларының сапасына, бекеттердің техникалық жарақтандырылуына және мамандар жұмысының ұйымдастырылуына баса мән берді.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың жеті айындағы фитосанитариялық бақылау бекеттері қызметінің қорытындылары сараланды.
«2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 тамыз аралығында «Уба» фитосанитариялық бақылау бекеті арқылы жалпы көлемі 75 994 тонна карантиндік өнім тиелген 3 060 жүк автокөлігі өтті. Осы кезеңде «Майқапшағай» фитосанитариялық бақылау бекеті арқылы жалпы көлемі 3 483,1 тонна карантиндік өнім тиелген 132 автокөлік өтті», - делінген хабарламада.
Тасымалданатын өнімнің негізгі түрлеріне ұн, жарма, азық-түлік бидайы, тұқымдар, күнбағыс күнжарасы, өсімдік майы, жеміс-жидек өнімдері, кептірілген жемістер мен жаңғақтар жатады.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков фитосанитариялық бақылау бекеттері жұмысының тиімділігін арттыруды, бақылау рәсімдерін жетілдіруді, карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуының алдын алу шараларын күшейтуді, сондай-ақ елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып, фитосанитариялық бақылаудың жедел жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.