Елордалық полиция қызметкерлері «Кітап оқитын ұлт» жобасы мен «Астана – есірткісіз қала!» бастамасы аясында кітап клубының қатысушыларымен ерекше кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу профилактикалық жұмыстың өзгеше түріне айналды. Әдебиетке қызығатын адамдар бас қосып, пайдалы іс, жеке даму және дұрыс таңдау жасау туралы ашық пікір алмасты.

Қатысушылар кітап талқылап, әдеби шығарманы бірге талдады, өз әсерлерімен бөлісіп, кітап алмасты. Кездесу барысында полиция қызметкерлері елордада жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс туралы және жастардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне арналған мүмкіндіктер жайында да айтып берді.
«Есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу тек түсіндіру жұмысымен шектелмейтініне ерекше мән берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жастардың қызығушылығы мен бос уақытын тиімді өткізуіне басымдық береді. Атап айтқанда, спортпен айналысу, шығармашылықпен шұғылдану, кітап оқу, білім беру жобаларына қатысу, зияткерлік және қоғамдық іс-шараларға араласу ұсынылады. Осындай пайдалы істер жастардың жақсы орта қалыптастыруына, өз қызығушылықтарын дамытуына және салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдауға саналы түрде шешім қабылдауына көмектеседі», - делінген хабарламада.

Кездесу соңында қатысушыларға профилактикалық мазмұндағы кітап бетбелгілері сыйға тартылды. Бұл әрбір жақсы оқиғаның жалғасы бар екенін, ал әр адамның өз жолын таңдауға мүмкіндігі бар екенін еске салатын символдық сый болды.
Елордалық полиция профилактикалық жұмысты түрлі форматта жалғастырып келеді. Бұл ретте «Астана – есірткісіз қала!» тақырыбы жастарға тек сөз арқылы емес, нақты әрі пайдалы іс-шаралар арқылы да жақын болуына мән беріліп отыр.
Еске салсақ, Астанада «ТЕАТР АLL» IV халықаралық театр фестивалінің үздіктері марапатталды.