Бүгін, 8 қазанда сағат 20:00-де Еуропалық донорлық және ағзаларды трансплантаттау күні қарсаңында Астанадағы бірқатар көрнекті нысан Қазақстанда донорлық мәдениетін дамытуға қолдау білдіру мақсатында арнайы жарықтандырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Акцияға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ғимараты, EXPO аумағы, «Бәйтерек» монументі және Бейбітшілік және келісім сарайы қосылады.
Акцияны бірқатар өңір де қолдауға дайын. Көрнекті нысандарды Қарағанды, Талдықорған және Ақтөбе қалаларында жарықтандыру жоспарланып отыр.
Акцияның мақсаты – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне қоғам назарын аудару және бүгінде трансплантаттауды күтіп отырған адамдарды еске салу.
«2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша ағзаларды трансплантаттауды күту парағында 4 867 пациент бар, оның ішінде 126 бала. Биылғы тоғыз айда Қазақстанда 208 ағза трансплантатталды, оның 42-сі қайтыс болған донорлардан алынды.
Азаматтардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын білдіру деңгейі де артып келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша eGov жүйесінде 184 191 ерік білдіру тіркелген, оның ішінде 17 158 азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Бір жылдың ішінде келісім білдіргендер саны 67,7%-ға өсті», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы шешім – әр адамның жеке әрі ерікті таңдауы. Ақпараттық жұмыстың негізгі міндеті – азаматтарға жүйенің қалай жұмыс істейтіні, заңнамада қандай кепілдіктер қарастырылғаны және адамның өз еркін қалай білдіре алатыны туралы нақты әрі дұрыс ақпарат беру.
Көрнекті нысандарды жарықтандыру донорлық туралы ашық әрі саналы пікірталасты қолдаудың символына айналады. Бұл әр адамға осы мәселе туралы көбірек білуге, өз ұстанымын дербес айқындауға және өз таңдауын білдіруге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Акция Еуропалық донорлық және ағзаларды трансплантаттау күніне орай ұйымдастырылған ақпараттық науқан шеңберінде өткізіледі.