Иран мен Ресейден келген 113 тоннадан астам залалданған өнім кері қайтарылды

Иран мен Ресейден келген 113 тоннадан астам залалданған өнім кері қайтарылды
Фото: Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті

Иран мен Ресейден Қазақстанға әкелінген салат жапырағы, арпа және қызанақ өнімдері партиясынан қауіпті карантин нысандары анықталды. Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде залалданған өнімдерді ел аумағына өткілмеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Мұны мемлекеттік инспекция комитетінің инспекторлары шекарада фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында анықтады.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы «Темір баба» автомобиль бекетінде Ираннан жеткізілген салмағы 9,9 тонна «Айсберг» салаты партиясынан батыс гүл трипсі (Frankliniella occidentalis) анықталды.

Аталған зиянкес Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бақылау бекетінде де анықталды. Ресейдің Орынбор облысынан жеткізілген 0,7 тонна «Айсберг» салат жапырағынан  батыс гүл трипсі табылған.

Сондай-ақ аталған елден әкелінген, жалпы көлемі 100 тонна арпа өнімдерінен ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік арамшөп – жатаған кекіре (Acroptilon repens) анықталды.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында салмағы 3 тонна қызанақ партиясын тексеру кезінде мамандар оңтүстікамерикалық қызанақ күйесі (Tuta absoluta) мен қызанақ жемісінің қоңыр әжімділік вирусын (Tomato brown rugose fruit virus) анықтады.

Зиянкестерді «Фитосанитария» мекемесінің зертханаларында жүргізілген сараптама растады.

Осыған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданып, айыппұл салынды.

Еске салсақ, бұған дейін  125 текше метр зиянкес құрты бар ағашты елге кіргізуге жол берілмеді