Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарын ашудағы басты мақсат жастарға халықаралық деңгейдегі білімді өз елінде қолжетімді ету екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министр бұл туралы Telegram арнасында жазып, екі жыл бұрын Ұлыбританияға жасаған жұмыс сапарын еске алды. Сол кезде қазақстандық делегация британдық жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесіп, елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу мәселесін талқылаған.

Маңызды кездесулердің бірі Coventry University өкілдерімен өткен. Тараптар Астанада университет ашу, оны дамыту және алғашқы студенттерді қабылдауға дайындық мәселелерін қарастырған.
Арада екі жыл өткенде Coventry University Kazakhstan елордада жұмысын бастады. Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы ашылған.
«Бұл – ең алдымен жастарымыз үшін жаңа таңдау мен жаңа мүмкіндік. Енді халықаралық деңгейде білім алу үшін міндетті түрде шетелге кетудің қажеті жоқ. Қазақстанда білім алып, шетелдік профессорлардан сабақ тыңдап, халықаралық академиялық ортаға қосылуға болады», – деп жазды Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, шетелдік университеттердің Қазақстанға келуі тек студенттер үшін емес, отандық оқытушылар мен жоғары оқу орындары үшін де маңызды. Бұл профессор-оқытушылар құрамының халықаралық тәжірибе алмасуына, бірлескен жобаларды жүзеге асыруына және академиялық байланыстарды кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Министр бастапқы мақсат Қазақстанға әлемге танымал университеттердің атауын ғана әкелу болмағанын атап өтті.
«Бастапқы мақсат та осы еді. Қазақстанға жай ғана белгілі университеттердің атауын әкелу емес, жастарымыздың таңдауын көбейтіп, сапалы білімді өз елімізде қолжетімді ету», – деді ол.
Саясат Нұрбек жоғары білім саласындағы мұндай бастамалардың нәтижесін тек ашылған университеттердің санымен бағаламау керектігін жеткізді.
«Өйткені ең маңыздысы университеттердің саны емес, сол мүмкіндікті пайдаланып, жақсы білім алып, өз жолын табатын жастарымыз. Бүгін ашылған әрбір жаңа мүмкіндік ертең олардың біліміне, кәсіби жолына және болашағына әсер етеді», – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін қазақстандық жоғары оқу орындары 24 елдің 131 университетімен қос диплом беретіні хабарланған еді.