Сәтбаев университетінің студенттері автомобиль өнеркәсібінің заманауи технологияларын жаңа зертханада – «Changan шеберханасында» меңгеріп шығатын болады. М. Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінде Changan Automobile Group және Шыңжаң политехникалық коммуникациялар университетімен бірлесіп, арнайы оқу-тәжірибелік зертхана ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Зертхана заманауи оқу-өндірістік және диагностикалық жабдықтармен, сондай-ақ қажетті бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған.
«Changan шеберханасының» басты құндылығы – мұнда студенттер нақты технологиялармен және ең заманауи автомобильдерді өндіруде қолданылатын алдыңғы қатарлы жабдықтармен жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр», – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.

«Changan шеберханасында» студенттер электр жетектерін, тартқыш аккумуляторлық батареялар мен басқару жүйелерді, борттық электроника, электрлік кондиционерлеу жүйелерін, руль күшейткішінің электрондық басқару жүйесін, гибридті автомобильдерді диагностикалауды үйреніп, басқа да бағыттарды меңгеріп шығады.
Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр. Ынтымақтастық туралы үшжақты келісім Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженер кадрларды бірлесіп даярлауды, арнайы жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануды, өзара тәжірибе алмасуды және мамандарды даярлау барысында бір-біріне техникалық қолдау көрсетуді көздейді.