Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Ал отандық университеттер 24 елдің 131 жоғары оқу орнымен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жоғары білім беру жүйесін халықаралық академиялық кеңістікке ықпалдастыру бағытында жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық кеңейіп келеді. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы озық академиялық тәжірибелер мен заманауи білім беру стандарттарын енгізуге мүмкіндік жасалған.
Сонымен қатар қазақстандық университеттер шетелдік серіктестерімен бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытып жатыр. Қос диплом бағдарламалары студенттерге шетелдік университеттерде білім алуға, академиялық ұтқырлыққа қатысуға және екі жоғары оқу орнының дипломын иеленуге мүмкіндік береді.
Отандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де артып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енген. Times Higher Education рейтингінде еліміздің 5 университеті ұсынылған. Ал Назарбаев Университеті алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірген.
Ғылым мен жоғары білімді дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі саналады. Бұл бағытта адами капиталды дамыту, білім сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті күшейтуге басымдық беріліп отыр.
Министрлік қазақстандық университеттер мамандар даярлаумен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізетін, жаңа технологиялар әзірлеп, инновациялық шешімдер енгізетін орталықтарға айналып келе жатқанын атап өтті. Халықаралық әріптестікті кеңейту Қазақстанның өңірлік білім және ғылым орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект университеті оқу жылын бастағаны хабарланған еді.