Қостанайдағы жаңа фермаға Германиядан асыл тұқымды сиырлар жеткізілді

Бүгін, 21:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қостанайдағы жаңа фермаға Германиядан асыл тұқымды сиырлар жеткізілді
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері отандық мал шаруашылығы тауарын өндірушілер 30 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Оның 3,5 мыңнан астамы алыс шетелдерден әкелінді. Жұмыс жалғасуда», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймурзаев.

21 тамызда Германиядан жоғары өнімді ірі қараның кезекті легі жеткізілді. Голштин тұқымының қашарлары Қостанай облысындағы «ДК Мақсат KZ» серіктестігінің жаңа сүт-тауарлы фермасының мал басын толықтыруға арналған.

Ветеринариялық және кедендік бақылаудан өткеннен кейін мал арнайы көлікпен Владимир ауылына жеткізіліп, міндетті карантиннен өткізіледі.

«ДК Мақсат KZ» серіктестігі 400 сауын сиырға арналған сүт-тауарлы ферма құруда. Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге.

Инвестициялық жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Ферма заманауи автоматтандырылған жабдықтармен жарақтандырылуда. Сауын блогы бір мезгілде 40 басты саууға есептелген және «Параллель» типті жүйемен жабдықталған.

Табынды басқару және малдың жай-күйін бақылау үшін Afimilk жүйесі қолданылады. Жүйе мал басын автоматты түрде есепке алуға, жеке қадамөлшегіштердің көмегімен малдың белсенділігін бақылауға, сондай-ақ өндірістік көрсеткіштерді қадағалауға мүмкіндік береді.

2026 жылдың соңына дейін кәсіпорын қалған мал басын кезең-кезеңімен әкеліп, ферманы 400 басқа дейін толықтыруды мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, Қостанай облысында 2023–2026 жылдары сүт-тауарлы фермаларын салу және дамыту бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 39,2 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба іске асырылады.

Жылына 46 мың тонна сүт өндіретін 7 заманауи ферма пайдалануға берілді.

Жалпы, Қазақстан бойынша бағдарлама аясында сүт-тауарлы фермаларын салу және жаңғырту бойынша 97 жоба қаржыландырылды. Олардың жиынтық жобалық қуаты жылына 559,6 мың тонна сүтті құрайды.

Оның ішінде 71-і пайдалануға берілді. Тағы 26 жоба іске асырылу сатысында.

Асыл тұқымды мал импортының және ел ішінде асыл тұқымды мал сатып алудың артуы отандық мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттырудың және сүтті мал табынының өнімділігін жоғарылатудың маңызды құралдарының бірі болып табылады.

Осындай инвестициялық жобаларды іске асыру, асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейту және заманауи технологияларды енгізу мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, отандық сүт өндірісін ұлғайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Еске салсақ, Иран мен Ресейден келген 113 тоннадан астам залалданған өнім кері қайтарылды.