«ҚазТемірТранс» компаниясы Алматы филалының басшысы тергеліп жатқанын растады

«ҚазТемірТранс» компаниясы Алматы филалының басшысы тергеліп жатқанын растады
Фото: ҚазТемірТранс компаниясы

«ҚазТемірТранс» АҚ Алматы филиалының директоры А. Бәзеновті құқық қорғау органдары ұстағаны туралы ақпаратқа қатысты бірқатар мәліметті жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Компания қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының тергеу жүргізіп жатқанын растады. Уәкілетті органдарға жан-жақты жәрдем көрсетілетіні, тергеуге қажетті ақпарат ұсынылатыны атап өтілді.

«Қолда бар деректерге қарағанда, филиал объектілерін күзету бойынша мемлекеттік сатып алуларда ұтып алуға жәрдемдесу үшін ірі заңсыз ақшалай сыйақы алу туралы мәліметтер күмән туғызады. Өйткені қазір «ҚазТемірТранс» АҚ мен күзет ұйымдары арасында жоғарыда көрсетілген қызметтерді көрсетуге шарттар жасасу бойынша барлық рәсім аяқталды. Күзет қызметтерінің жалпы бюджеті шамамен 200 млн теңге, Алматы филиалы бойынша өндірістік базаларды күзетуге 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл осы бағыттағы қолдау парасы туралы таратылатын ақпараттан бірнеше есе аз», делінген хабарламада.

Компания істің барлық мән-жайын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеп, заңнамада белгіленген тәртіппен шындық анықталатынына сенетінін жеткізді.

Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар айында 110 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді.