Референдум-2026

Қазақстанда бакалавриатта оқу мерзімі қысқаруы мүмкін

Бүгін, 15:54
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда бакалавриатта оқу мерзімі қысқаруы мүмкін
Фото: primeminister.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстандағы жоғары білім беру форматының өзгеруіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Журналистер ведомство басшысынан мамандарды даярлау мерзімін қысқарту жоспары туралы сұрады. Қазіргі таңда ЖОО-дағы оқу мерзімі – 4-5 жыл.

Саясат Нұрбек төрт жылдық оқу мерзімі ұзақ екенімен келісетінін айтты.

«Біз 2022 жылдан бастап мемлекеттік білім беру стандартын өзгерттік. Қазір жоғары оқу орындары оқу мазмұнының 92 пайызын өздері анықтап, өзгерте алады, оның ішінде оқу ұзақтығы да бар. Astana IT University-де үш жылдық бакалавриат бойынша пилоттық жоба болды. Біз екі жарым және үш жылдық бакалавриатқа рұқсат береміз. Университеттер оқу мерзімімен тәжірибе жасап, эксперимент жүргізе бастады», - деді министр.

Оның айтуынша, министрлік үкіметке қолданбалы бакалавриатты енгізу туралы ұсыныс жолдаған.

«Біз үкіметке жоғары оқу орындарында қысқартылған оқыту формасы – қолданбалы бакалавриатты енгізу туралы ұсыныс бердік. Жоғары колледждермен бірге пилоттық форматты іске қоспақпыз. Мектеп бітірген түлек колледжге түсіп, қолданбалы форматта мамандық алады. Бұл бакалавриат деңгейіне жатады, бірақ мазмұны мен оқу процесі қысқарақ болады. Ол кейіннен оқуын модульдік форматта жоғары оқу орнында жалғастырып, бакалавриат пен магистратураны аяқтай алады. Біз икемді форматтарды байқап көреміз», - деді министр.

Жалпы, оның болжамы бойынша, жақын арада оқытудың жаңа форматтары пайда болады.

«Икемді де, гибридті де форматтар болады. Біз оған қажетті нормативтік базаны дайындап қойдық. Пилоттық жобаларды сынақтан өткіздік. Негізінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұр», - деп түйіндеді сөзін Саясат Нұрбек.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның жоғары оқу орындары еңбек нарығымен өзара байланысты күшейтетіні туралы жаздық.