Қазақстан бокс федерациясының кубогы: Астананың былғары қолғап шеберлері күміс жүлдегер атанды

15 желтоқсан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан бокс федерациясының кубогы: Астананың былғары қолғап шеберлері күміс жүлдегер атанды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан бокс федерациясы кубогының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Айтулы жарыста Астана қаласының боксшылары жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ал алтын жүлдені Шымкент қаласы еншілесе, Қарағанды облысы үздік үштікті түйіндеді. Төртінші орынды Маңғыстау облысының құрамасы иеленді.

Жарысқа Шымкент, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан 60-тан астам спортшы қатысып, шаршы алаңда өзара мықтыны анықтады.

Елорданың атынан сынға түскен қыздар мен жігіттер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермендерге тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер сыйлады.

Айта кетейік, жүлде қоры 150 000 АҚШ долларын құрайтын бұл жоба аймақтарда боксты дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ жарыс аясында Қазақстан бокс федерациясы 2025 жылдың қорытындысын шығарып, үздіктерді анықтады.

Ерлер арасында Астана қаласының спортшысы Айбек Оралбай «2025 жылдың үздік боксшысы» атанса, жасөспірімдер (ұлдар) арасында Досжан Жұмахан жылдың үздік боксшысы деп танылды.

Бұған дейін қазақстандық спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінде үздік ондыққа кіргенін жазған болатынбыз.