Header Banner

Астанада үйден дауыс беру қалай өтеді

Астанада үйден дауыс беру қалай өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қалалық мәслихат депутаттарының сайлауында денсаулығына байланысты немесе науқас жақынына күтім жасауына орай сайлау учаскесіне келе алмайтын елорда тұрғындары өздері жүрген жерде-ақ дауыс бере алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Үйден дауыс беру үшін сайлаушылар сайлаушылар тізіміне енгізілген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш берген. Өтініштер сайлау күні сағат 12:00-ге дейін қабылданды.

Бүгін өтініште көрсетілген мекенжайға учаскелік сайлау комиссиясының кемінде екі мүшесі барады. Олар өздерімен бірге бюллетеньдер мен тасымалданатын дауыс беру жәшігін алып жүреді. Бюллетень алу үшін сайлаушы жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, өтінішке қол қояды.

Үйден дауыс беру кезінде де сайлау учаскесіндегідей дауыс беру құпиясы сақталады. Байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері комиссия мүшелерімен бірге сайлаушылардың мекенжайына баруға құқылы.

Еске салсақ, астаналық жаттықтырушылар мәслихат сайлауында дауыс берді.