Header Banner

Астаналық жаттықтырушылар мәслихат сайлауында дауыс берді

Бүгін, 14:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық жаттықтырушылар мәслихат сайлауында дауыс берді
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Бүгін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінің жаттықтырушылары, аға бапкерлері мен хореографтары өздерінің сайлау учаскелеріне барып, мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сайлауға бокс, кикбоксинг, муайтай, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, биатлон, хоккей, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, батуттық гимнастика, теннис, дзюдо, күрес түрлері, семсерлесу, сондай-ақ ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушылар қатысты.

Олардың қатарында елімізде шорт-трек спортының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков, көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы төреші Аида Кудина, әйелдер боксынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлем чемпионы Валентина Хальзованың бапкері Марат Манашев бар.

Сондай-ақ теннистен аға жаттықтырушы, Анна Данилинаның жеке бапкері Михаил Шушеньков, кикбоксингтен аға жаттықтырушы Бақытжан Күмісбеков, көркем гимнастикадан аға жаттықтырушылар Әсел Мұстафина мен Меруерт Балғынбаева, спорттық гимнастикадан аға жаттықтырушы Ольга Гончарук, муайтайдан аға жаттықтырушы Нұралы Әубәкіров, тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Нұржан Қонарбаев, семсерлесуден аға жаттықтырушы Ерасыл Омар, биатлоннан жаттықтырушы-оқытушы Камила Рахметова, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы-оқытушы Айдар Жапбаров, шорт-тректен жаттықтырушы-оқытушы Ғалия Жұмағазиева және өзге де спорт саласының мамандары дауыс берді.

Аталған бапкерлердің шәкірттері әлем және Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында, сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел мерейін асқақтатып жүр.

«Спорт саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, талай буын спортшыларды тәрбиеледік. Еліміздің өсіп-өркендеуі, кейінгі ұрпақтың болашағы біз үшін қашанда маңызды.

Бүгінгі сайлау – елордамыздың алдағы дамуына қатысты маңызды саяси оқиға. Сондықтан мен де өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолында абыройлы қызмет етеді деп сенемін. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына, жас спортшыларға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылса деген тілегім бар», – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков.

Жас ұрпақты спортқа баулып, отандық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген елордалық жаттықтырушылар бүгін сайлауға қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мәслихат сайлауында дауыс берді.