Header Banner

98 жаста «жаңа жүрек»: Қазақстандық дәрігерлер науқастың жүрек қақпақшасын алмастырды

Бүгін, 14:04
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
98 жаста «жаңа жүрек»: Қазақстандық дәрігерлер науқастың жүрек қақпақшасын алмастырды
Фото: ДСМ

Ота небәрі 45 минутқа созылып, ешқандай асқынусыз өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 
Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы науқасқа күрделі жүрек отасын сәтті жасады. Заманауи медициналық технологиялардың көмегімен мамандар науқастың зақымданған жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай алмастырды.

Ота Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары тарапынан жасалды.

Науқасқа айқын аорталық стеноз диагнозы қойылған. Бұл – жүрек қақпақшасының тарылуы салдарынан қан айналымы бұзылып, жүрекке түсетін жүктеме артатын ауру. Уақытылы емделмеген жағдайда ол ауыр жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.

Науқастың жасы ескеріліп, дәрігерлер TAVI деп аталатын заманауи аз инвазивті әдісті қолданған. Бұл технология жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай-ақ, сан тұсындағы шағын тілік арқылы алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ операция кезінде жасанды қан айналымы аппаратына қосу қажет емес.

Институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, қазіргі медицинаның мүмкіндіктері егде жастағы адамдарға да күрделі оталар жасауға жол ашып отыр.

«Бүгінде біз жасы өте ұлғайған науқастарға да көмек көрсетіп, өмірін ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік алып отырмыз. Бес жыл бұрын осындай отаны 94 жастағы науқасқа, төрт жыл бұрын 96 жастағы пациентке жасадық. Енді 98 жастағы адамға сәтті орындадық», – деді ол.

Ота нәтижесі бірден байқалған. Жаңа жүрек қақпақшасы қалыпты жұмыс істеп, қан айналымының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.

Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында.

Операцияны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған дәрігерлер тобы орындады.

Айта кетейік, отандық кардиологияда заманауи медициналық технологиялардың дамуы егде жастағы науқастарға да жоғары технологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүрек ауруларын емдеу аясын кеңейтіп, пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық дәрігерлер үш айлық сәбиді туабітті ауыр дерттен аман алып қалғаны туралы жаздық.